Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, Туркия мемлекеті, Стамбул қаласында нейрохирургия және аритмиология бағдарламасы бойынша оқуда алған тәжірибе жөнінде қорытынды.
"Біз ( Жамбыл облысының дәрігерлер делегациясы) екі аптаға жуық уақыт Туркия мемлекеті Стамбул қаласында «Medipol Mega University Hospital», «medipol bahçelievler hastanesi» көпбейінді клиникасында оқу тәжірибесінде болдық.
Мedipol bahçelievler hastanesi Түркияның 4 ауруханасы бар ең ірі медициналық кешені Медиполь университетінің ауруханасы.
Ауруханаға жалпы, жүрек-қан тамырлары хирургиясы, онкологиялық бөлім, тіс емханасы кіреді және өзінің заманауи сәулетімен, технологиясымен және жаңа буын технологияларын біріктіре отырып, ерекшеленеді.
Медиполь университетінің клиникасы-бұл ұлттық және халықаралық деңгейде денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмастырушы және анықтамалық болып есептелетін жаңа орталық. Көпбейінді клиниканың жалпы төсек қоры - 400 төсек орынға арналған екен.
Бұның ішінде:
-Нейрохиругия бөлімі 40 төсек орын.
-Кардиология 40 төсек орын
-Жалпы реанимация 12 төсек орын
-Кардиоренимация 6 төсек орын.
Бұдан бөлек оталар жасалатын блоктарға кіріп, нейрохирургиялық, кардиологиялық оталардың техникаларының ерекшеліктерін қарап көрдік. Сонымен қатар, басқа да оталар кезінде наркоз берудің ерекшеліктерін меңгердік.
Ілгері медицинаның жетістігі заманауи медициналық құрал жабдықтарға тікелей әсер ететіндігіне байланысты, оқуда нейрохирургия, кардиология және реанимация бөлімінде білімізді шыңдаумен қатар , жаңа медициналық құрал - жабдықтарымен де таныстық.
Көпбейінді аурухананың Жансақтау бөлімінде біздің тәжірибемізде жоқ медициналық құрал жабдық "Тромбоэластографиямен" жұмыс жасалады екен. Яғни, бұл медициналық құрылғы қанның ұйығыштығының барлық өзгерістерін бақылауға мүмкіндік беретін зерттеу. (бізге де кез келген қан кету жағдайында керек медициналық құрылғы екен деп есептедім).
Шетелдік әріптестердің тәжірибесіндегі өзіме ерекше ұнаған құрал- ота кезінде науқасты жылытатын медициналық құрылғы, ол қарапайым ғана екен. Біздің тәжірибемізде, көбінесе, қыс мезгілінде ұзақ уақыт және көп қан кетуден болған оталарда науқаста гипотермия ( дене температурасының төмендеуі) болады, осыдан кейін науқасты бөлімшеде грелкамен жылытуға тура келетін жағдайлар кездеседі.
Осындай жағдайлар кезінде жылытатын медициналық құрылғы таптырмас көмекші екен.
Айта кететін жайт - медициналық құрал - жабдықтарды өндіруші өнеркәсіптің бір фирмадан болуы. Оған ерекше назар аударған себебім -біздегі құрал жабдықтар (мысалы , өкпені жасанды желдету аппаратын алатын болсақ) әртүрлі мемлекет шығаратындықтан , басқару тетіктерін түсіну және бұзылғанда бөлшектерін табу қиынға соғатыны бар және іздеу жұмыстары көп уақыт алатын- ды.
Нейрохирургия және кардиохиругия оталарынан кейінгі науқастарды жансақтау бөлімдерінде бақылау және емдеу тәсілімен де таныстық.
Жалпы , іс – сапардан алған тәжірибеміз өте құнды болды. Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жанар Мықтыбекқызына қолдап , шет елге оқуға жібергеніне алғыс білдіремін. Бұл жақтан медициналық тәжірибеден басқа рухани байлық та алып келдік.
Алған тәжірибемізді алдағы уақытта әріптестерімізбен бөлісетін боламыз."


